Қазақстандағы конституциялық реформа және дамудың негізгі басымдықтары туралы

Ақп 10, 2026

2026 жылғы 10 ақпанда Астанада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық өзгерістер және елдің алдағы дамуы бойынша маңызды бағыттарды атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл мәселе бойынша қоғамдағы кең талқылау жарты жылға жуық уақыттан бері жүріп келеді. Түскен барлық ұсыныстарды жүйелеу үшін құрамында 130 адам бар Конституциялық комиссия құрылған.

Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан өзгерістердің маңызын ерекше атап өтіп, саяси жүйені «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты негізінде тұрақты әрі жүйелі түрде дамыту қажеттігін айтты. Сондай-ақ «мемлекет адам үшін» ұстанымын күшейту керектігін жеткізді. Президент Қазақстанның терең трансформация кезеңіне қадам басқанын, ал жүзеге асырылып жатқан реформалар елдің болашағына және азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Бұдан бөлек, заманауи технологиялардың рөліне тоқталып, жасанды интеллектіні енгізуді жай ғана әдемі ұран ретінде емес, экономикалық модельдің іргетасы әрі ұлттық дамудың маңызды тірегі ретінде қабылдау қажет екенін айтты. Негізгі мақсат ретінде қазіргі күрделі әлем жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және халықаралық әлеуетін күшейту, экономикалық өсімді халық табысының артуымен және өмір сапасының жақсаруымен ұштастыру көрсетілді.

Колледж студенттері мен оқытушылары үшін мұндай үндеулер елдегі үрдістерді түсінуге бағыт береді: олар азаматтық жауапкершілікті, құқықтық сауаттылықты және Қазақстанның болашағын айқындайтын реформаларға саналы көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.